ПАЦИЕНТТЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жуйесі тұралы» Қазахстан Республикасының 2020 жылғы 07 шілдедегі № 360-VI ЗРК Кодексіне сәйкес.

134-бап. Пациенттердің құқықтары

      1) профилактика, диагностика, емдеу процесінде өзіне лайықты қарауына, өзінің мәдени және жеке басының құндылықтарына құрмет көрсетілуіне;

      2) қандай да бір кемсітушілік факторларының ықпалынсыз, тек қана медициналық өлшемшарттар негізінде айқындалатын кезектілікпен медициналық көмекке;

      3) шұғыл және кезек күттірмейтін көмек көрсету жағдайларын қоспағанда, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрігерді немесе медициналық көмек ұсынатын медициналық ұйымды таңдауға, ауыстыруға;

      4) медициналық ұйымда аудио-, және (немесе) бейнебайқау және жазба жүргізілетіндігі туралы құлақтандырылуына;

      5) медициналық технологиялардың қолда бар деңгейінің қаншалықты мүмкіндігі болса, сондай шамада дерт азабының жеңілдетілуіне;

      6) өз денсаулығының жай-күйі туралы ақпарат (пациентке қолжетімді нысанда ұсынылатын және балама емдеу әдістерінің ықтимал тәуекелі мен артықшылықтары туралы деректер, емделуден бас тартудың ықтимал салдары туралы мәліметтер, диагноз, емдік іс-шаралардың болжамы мен жоспары туралы ақпарат, сондай-ақ оны үйіне шығару немесе басқа медициналық ұйымға ауыстыру себептерінің түсіндірмесі) және тәуелсіз пікір алуға және консилиум өткізілуіне;

      7) көру және (немесе) есту қабілеттері бұзылған адамдар үшін қолжетімділік ескеріле отырып, өз құқықтары мен міндеттері, көрсетілетін қызметтер, ақылы көрсетілетін қызметтердің құны және бірлесіп төлеу мөлшері, олардың ұсынылу тәртібі; тағайындалатын дәрілік зат; өзіне медициналық қызметтер көрсететін медицина қызметкерлері туралы ақпаратты алуға;

      8) оқу процесіне қатысудан, сондай-ақ емдік-диагностикалық емшаралардың жүргізілуі кезінде үшінші тұлғалардың қатысуынан бас тартуға құқығы;

      9) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтары бар.

  1. Пациенттің құқықтары туралы ақпарат медициналық ұйымдардың көрнекі үгіт орналасатын жерлерінде орналастырылады.
  2. Медициналық көмек медициналық көмек алуға пациенттің хабардар етілген келісімі алынғаннан кейін ұсынылады. Инвазиялық араласулар кезінде пациенттің хабардар етілген келісімі уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша жасалады.
  3. Пациент өз денсаулығының жай-күйі туралы ақпаратты хабарлау қажет болатын адамды тағайындай алады. Денсаулығының жай-күйі туралы ақпарат пациенттен оның денсаулығының жай-күйі ескеріле отырып, жасырылуы және пациенттің жұбайына (зайыбына), оның жақын туыстарына немесе заңды өкілдеріне хабарлануы мүмкін.
  4. Пациенттердің құқықтарын қорғауды мемлекеттік органдар, денсаулық сақтау ұйымдары, қоғамдық бірлестіктер өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.

 135-бап. Пациенттердің міндеттері

  1. Пациент осы Кодекстің 12-тарауында көрсетілген міндеттерден басқа:

      1) өз денсаулығын сақтауға және нығайтуға шаралар қолдануға;

      2) медицина қызметкерлерімен қатынаста құрмет пен сабырлық танытуға;

      3) ауруға диагноз қою және оны емдеу үшін қажетті барлық ақпаратты дәрігерге хабарлауға; медициналық араласуға келісім бергеннен кейін медицина қызметкерлерінің тағайындауын мүлтіксіз орындауға;

      4) медициналық көмек алу кезінде медициналық ұйымның ішкі тәртіптеме қағидаларын сақтауға және мүлкіне ұқыпты қарауға, медицина персоналымен ынтымақтастықта болуға;

      5) диагностика мен емдеу процесінде, сондай-ақ айналадағыларға қауіп төндіретін аурулар не оларға күдік туындаған жағдайларда, өз денсаулығы жай-күйінің өзгерісі туралы медицина қызметкерлеріне уақтылы хабарлауға;

      6) басқа пациенттердің құқықтарын бұзатын әрекеттер жасамауға;

      7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.

  1. Пациенттердің осы баптың 1-тармағының 2), 3) және 5) тармақшаларында көрсетілген міндеттері стационарда ауру балаға күтімді тікелей жүзеге асыратын ата-анасына немесе өзге де адамдарға қолданылады.

 136-бап. Медициналық көмектен бас тарту құқығы

  1. Осы Кодекстің 137-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, пациенттің немесе оның заңды өкілінің медициналық көмектен бас тартуға құқығы бар.
  2. Медициналық көмектен бас тартқан кезде пациентке немесе оның заңды өкіліне медицина қызметкері пациентке немесе оның заңды өкіліне қолжетімді нысанда ықтимал салдары туралы түсінік береді.
  3. Медициналық көмектен бас тарту ықтимал салдары көрсетіле отырып, медициналық құжаттарда жазбамен, оның ішінде электрондық форматта ресімделеді және оған пациент не оның заңды өкілі, сондай-ақ медицина қызметкері қол қояды.

      Пациент не оның заңды өкілі медициналық көмектен бас тартуға қол қоюдан бас тартқан жағдайда, бұл жөнінде медициналық құжаттамада тиісті жазба, оның ішінде электрондық форматта жүзеге асырылады және оған медицина қызметкері қол қояды.

  1. Кәмелетке толмаған не әрекетке қабілетсіз адамның заңды өкілдері аталған адамдардың өмірін сақтап қалу үшін қажетті медициналық көмектен бас тартқан кезде медициналық ұйым олардың мүдделерін қорғау үшін қорғаншылық және қамқоршылық органына және (немесе) сотқа жүгінуге құқылы.

 137-бап. Пациенттің келісімінсіз медициналық көмек көрсету

  1. Пациенттің келісімінсіз медициналық көмек көрсетуге:

      1) өз еркін білдіруге мүмкіндік бермейтін есеңгіреген, ес-түссіз күйдегі;

      2) айналадағыларға қауіп төндіретін аурулары бар;

      3) ауыр психикалық бұзылушылықтары (аурулары) бар;

      4) қоғамға қауіпті іс-әрекет жасаған психикалық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға қатысты жол беріледі.

  1. Осы Кодекстің 78-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, кәмелетке толмағандарға қатысты медициналық көмек көрсетуге келісімді және сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдар үшін келісімді олардың заңды өкілдері береді.
  2. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдарға қатысты келісімсіз медициналық көмек көрсету туралы шешімді - консилиум, ал консилиумды жинау мүмкін болмаған кезде медициналық ұйымның лауазымды адамдарын кейіннен хабардар ете отырып, тікелей медицина қызметкері қабылдайды.
  3. Пациенттің келісімінсіз медициналық көмек көрсету осы баптың 1-тармағында көзделген негіздер жойылғанға дейін жалғастырылады.